Заң

Ажырасуға асықпаңыз

Кейде отбасындағы дау мен түсініспеушілік адамға шешілмейтін мәселе сияқты көрінеді.

Сол сәтте көп жұп ажырасуды жалғыз жол деп қабылдайды.
Алайда соңғы жылдардағы деректер бұл шешімге асықпау керегін көрсетіп отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ажырасу саны 16 пайызға азайған.

Көпбалалы және табысы төмен отбасыларға жәрдемақылар артты, аналар мен балаларды қорғау жүйесі күшейтілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады, ал отбасын қолдау орталықтарының саны бірнеше есеге көбейді.
Бүгінде елімізде жастарға арналған неке алдындағы тегін кеңес беру бағдарламалары, психологиялық курстар мен «Ата-аналар академиясы» жобалары іске асуда.

2025 жылдан бастап «Неке және отбасы туралы» кодекске жаңа ереже енгізілді:
егер ерлі-зайыптылардың бірі үш жылдан астам халықаралық іздеуде болса, екінші тарап сот арқылы некені оның қатысуынсыз бұза алады.
Сонымен бірге, әйел жүкті кезінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде некені оның келісімінсіз бұзуға тыйым салынады.

Яғни заң да, қоғам да бүгін отбасыны қорғауға бағытталып отыр.
Ажырасу — кейде қажетті, бірақ ауыр шешім.
Ол бір сәттік реніштен емес, салқын ақыл мен сабырдан туындауы тиіс.

Психологтардың айтуынша, көп жұп эмоция кезінде қабылдаған шешіміне кейін өкініп жатады.
Ажырасуға дейін сөйлесіп көру, кеңес алу, бір-бірін түсінуге тырысу — ең маңызды қадам.
Өйткені жақсы неке — кемшіліксіз өмір емес, қиындықты бірге еңсере білу өнері.

Сондықтан асықпаңыз.
Мүмкін, ажырасу емес, әңгімелесу бәрін өзгертер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button