Үй қорқыныш емес, қорған болуы керек

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық кейде көзге көрінбейтін, бірақ жүрекке ауыр тиетін мәселе. Үй ішінде ұрыс, қорлау, қол көтеру болса бұл «отбасы әңгімесі» емес, ол – заң бұзу.
Мұндай жағдайға 102 нөміріне хабарласып немесе qamqor.gov.kz арқылы полицияға онлайн өтініш беру қажет. Заң агрессорға жақындауға тыйым салып, қажет болса қамауға дейін жаза қолданады.
Өкінішке қарай, мұндай түйіткіл Абай облысында да кездеседі. Қазір отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасаған шамамен 4 000 адам профилактикалық есепте тұр. 3 362 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылған.
Семей қаласында полиция қызметкерлері арнайы рейдтер өткізеді. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалар үшін Абай облысында арнайы дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда олар уақытша баспана, психолог көмегі, заңгерлік кеңес және әлеуметтік қолдауды тегін ала алады. Бұл орталық қауіпсіз орта ұсынып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді.



