Неге жекеменшік мектептерде оқу қымбат?

Соңғы уақытта жекеменшік мектептердегі оқу ақысының өсуі қоғамда жиі талқыланып келеді. Осыған байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқу бағасының қымбаттау себептеріне түсініктеме берді.
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, 2026 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 890 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Онда 331 852 оқушы білім алуда.
Министрліктің хабарлауынша, жекеменшік мектептердегі оқу ақысы нарықтық негізде қалыптасады. Әр мектеп білім беру бағдарламасына, инфрақұрылымына, кадрлық құрамына және көрсететін қызметтер пакеті бойынша бағаны дербес белгілейді. Сондықтан ел бойынша бірыңғай оқу ақысы бекітілмеген. Баға өңірге және мектеп форматына қарай айтарлықтай өзгереді.
Оқу ақысының өсуі негізінен мектептің шығын құрылымына байланысты. Атап айтқанда, ғимаратты жалдау немесе салу, қызметкерлердің еңбекақысы, коммуналдық төлемдер, оқу-әдістемелік база, қауіпсіздік жүйесі және инфляциялық факторлар бағаның көтерілуіне әсер етеді.
2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бағыттағы барлық цифрлық шешімдер E-Qazyna.kz платформасында жүзеге асуда. Нәтижесінде жекеменшік мектептерде құжат жүзінде ғана тіркелген оқушылар, жалған мұғалімдер және қосарланған қаржыландыру деректері анықталған.
Министрлік цифрландырудың басты мақсаты — бюджет қаражатының ашықтығын арттыру және заңбұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті. Сондықтан оқу ақысының өсуін цифрлық жүйенің енгізілуімен тікелей байланыстыру дұрыс емес. Жаңа жүйе мемлекеттік қаржыландырудың әділдігі мен бақылауын күшейтеді.
Мемлекеттік қаржы жекеменшік мектептің мәртебесіне емес, оның лицензиясының болуы, мемлекеттік білім беру стандарттарын орындауы, қауіпсіздік және санитариялық талаптарға сәйкестігіне байланысты бөлінеді. Сонымен қатар деректер ақпараттық жүйелер арқылы расталуы тиіс.
Жекеменшік мектептерді қадағалау лицензиялау, мемлекеттік аттестаттау, тәуекелдерді басқару жүйесі негізіндегі профилактикалық бақылау және цифрлық мониторинг арқылы жүзеге асырылады. Егер заңбұзушылық белгілері анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
Министрліктің ұстанымынша, жекеменшік сектор білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге ықпал етеді, алайда білім сапасының стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын, академиялық адалдық пен қаржылық ашықтықты қатаң сақтауы тиіс.
Айта кетейік, енді жаңа жекеменшік мектептерге бюджет қаражаты бөлінбейтін болады. Бұл шешім мемлекеттік қаржыландыруды тиімді әрі әділ бөлуге бағытталған.



