Облыс әкімі шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды талқылады

Облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының «СанБао» корпорациясының президенті Кан Хэпин және «Ордос Ваньцзянь Групп» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Цзиньси бастаған инвесторлармен кездесті.
Кездесу барысында бұған дейін жасалған келісімдердің орындалу барысы мен бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары және өңір кәсіпкерлері қатысты.

Келіссөз нәтижесінде тараптар жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын үш ірі жобаны жүзеге асыруға уағдаласты. Оның ішінде екі жоба – ағаш өңдеу өндірісін дамытуға, ал біреуі – күн панельдерін шығаратын кәсіпорын ашуға бағытталған.
Облыс әкімі кездесуде аталған жобалардың өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Өткен жылы өңірде құны 24,1 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар құны 605,5 миллиард теңгені құрайтын 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылған.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да шетелдік инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр.
Дереккөз:Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі



