Заң

Жүргізушілерге жаңа бақылау жүйесі

Қазақстанда 12 наурыздан бастап жол қозғалысы ережелерін бақылау күшейеді. Енді қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған жүргізушілерге айыппұл автоматты түрде тіркеледі.

Бұған дейін мұндай құқықбұзушылықтарды негізінен полиция қызметкерлері анықтаса, жаңа өзгерістерден кейін бұл процесс толықтай цифрландырылып, камералар арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда автоматты тіркеу жүйесі алты түрлі құқықбұзушылықты анықтайды. Олардың қатарында жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл сигналына өту, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамау, дұрыс емес тоқтау немесе тұраққа қою, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу бар.

Жаңа жүйе енгізілген соң бұл тізім кеңейеді. Камералар енді:

– көлік жүргізу кезінде телефон қолдануды;

– қауіпсіздік белдігін тақпау фактісін;

– сондай-ақ кейбір техникалық ақауларды (мысалы, жарық шамдарының дұрыс жұмыс істемеуі) да тіркей алады.

Сонымен қатар, жүйе мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріледі. Бұл техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы сияқты құжаттық құқықбұзушылықтарды да автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға және адам факторын азайтуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button