Семейде Наурыз кең көлемде тойланады

Семейде Наурыз мейрамын атап өтуге дайындық басталды. Қалада мерекелік іс-шаралар жоспары жасалып, оны ұйымдастыруға жауапты мекемелер белгіленді.
Негізгі мерекелік шаралар 22 наурыз күні орталық алаңда және қаланың бірнеше аумағында өтеді. Мереке барлық ауданда бір уақытта ұйымдастырылады.
Орталық алаңда 12 киіз үй тігіледі. Әр киіз үй белгілі бір тақырыпта безендіріліп, Абай, Шәкәрім, Әнет баба, Біржан мен Сара айтысының 155 жылдығы, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Исатай Тайманұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Қайым Мұхамедханов, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Ермек Серкебаев сияқты тарихи тұлғаларға арналған көрмелер қойылады.
Қала шетіндегі бірнеше жерде де киіз үйлер орнатылады. Барлығы 18 киіз үй тігу жоспарланған. Атап айтқанда, М.Әуезов алаңында – 3, «Асима» сауда үйі маңында – 3, теміржол вокзалы алаңында – 7, тері-былғары зауыты аумағында – 2, Қарағайлы шағын ауданында – 3 киіз үй болады.
Киіз үйлерде қазақтың дәстүрлі салт-дәстүрлері көрсетіледі. Олардың қатарында бесікке салу, тұсау кесу, беташар, сырға салу, құда түсу, қыз ұзату, азан шақырып ат қою, аластау, отқа май құю, бата беру, енші беру сияқты рәсімдер бар. Сондай-ақ ұлттық қолөнер көрмелері ұйымдастырылады.
Мерекелік шараларды өткізуге облыстық басқармалар, қалалық әкімдік бөлімдері, сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының мекемелері жауапты.



