№5 гимназия жастары робототехникада көш бастады

Абай облысында алғаш рет робототехника бағытында 100 жылдық тарихы бар, білімнің шежірелі ордасы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының «TENGRI» командасы құрылды. Игі бастама бүгінде өңір жастарының технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қосып келеді. Гимназия жастары халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, аймақ атын танытып жатыр.

Команда өкілдерінің айтуынша, олар «FIRST GLOBAL CHALLENGE» жарысы туралы алғаш рет 2023 жылы естіп, осы бағытты дамытуға бел буған. Сол кезеңде облыста робототехника саласы жүйелі түрде қалыптаспаған еді. Соған қарамастан, бастама көтеріліп, алғаш рет өңірде арнайы команда жасақталды. Қазіргі таңда құрамында 25-тен астам жас робототехник бар.
«TENGRI» командасының негізгі мақсаты – жастар арасында робототехника мен жасанды интеллект саласын дамыту. Команда мүшелері өңірлерде білікті мамандардың тапшылығы басты мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан олар тәжірибе алмасып, басқа білім беру ұйымдарына қолдау көрсетуді де жоспарлап отыр.

Құрылған уақыттан бері команда 200-ден астам жетістікке жеткен. Атап айтқанда, Индонезия, Шанхай, Дубай, Австралия және Катарда өткен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
Қазіргі таңда команда «Смарт сарбаз» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында жас робототехниктер әскери бағыттағы инновациялық шешімдер әзірлеп, оларды облыстағы сарбаздармен бірге қорғап жүр.

Алдағы жоспар әлем чемпионатына жолдама алып, Қазақстанның көк туын халықаралық аренада көтеру. Сонымен қатар команда облыста ашылған IT мектептер мен колледждерге әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастырмақ.
Жастар ұжымы «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» қағидатын ұстана отырып, әрбір қатысушының дамуына ерекше мән береді.



