eGov-қа енді тегін кіруге болады

Қазақстанда азаматтарға интернет балансы теріс болған жағдайда да мемлекеттік сервистерді пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа норма ұсынылды. Бұл бастама Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында талқылануда.
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, жаңа өзгеріс цифрлық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Депутаттың сөзінше, бүгінде Қазақстан электронды құжаттарды пайдалану бойынша әлемдегі алдыңғы елдердің қатарына кіреді. Алайда азаматтар интернет балансы болмаған кезде eGov жүйесіне кіре алмай, түрлі қиындыққа тап болады.
– Кейде әуежайда немесе вокзалда тексеру аймағына келгенде телефон балансы минус болып тұрады. Мұндай жағдайда eGov-қа кіріп, электронды құжатты көрсету қиынға соғатын, – деді ол.
Жаңа норма қабылданса, азаматтар балансы минуста болса да негізгі мемлекеттік сервистерге тегін кіре алады. Атап айтқанда, eGov порталы, мемлекеттік өтініштер, салық және басқа да маңызды мемлекеттік қызметтер қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта тегін қолжетімді болатын жеті сайт пен сервис анықталған. Алдағы уақытта бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуі мүмкін.
Сонымен қатар халық тарапынан білім беру платформаларын да осы тізімге енгізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Олардың қатарында Kundelik және университеттердің Office Registrar жүйелері бар.
Депутаттың айтуынша, министрлік алдағы уақытта халыққа қажетті сервистерді кезең-кезеңімен қосуды қарастырады.



