Алакөлде туристерге қандай жағдай жасалуда?

Алакөл көлінің жағалауында абаттандыру және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімдігі өкілдері жағалаудағы бірқатар нысандардағы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда көл жағалауын айналма қоршау жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жағалаудың 11,8 шақырымы қоршалуы тиіс. Бүгінде оның 45 пайызы, яғни 4 шақырымға жуық бөлігі аяқталған. Жұмысты мердігер мекеме «Finansial Group Allalit» ЖШС атқаруда.
Сонымен қатар, Алакөл жағалауындағы саябақта да ауқымды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір демонтаж, бетондау және кіші футбол алаңын дайындау жұмыстары қолға алынған. Алдағы кезеңде саябақта жаңа субұрқақ, жарықтандыру жүйесі, балалар ойын алаңы, санитарлық-гигиеналық тораптар, жаяу жүргіншілер жолы және демалыс орындықтары орнатылады.
Алакөл – Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі. Көлдің жалпы аумағы 2696 шаршы шақырымды құрайды. Ең терең жері 54 метрге жетеді. Жағалау сызығының ұзындығы – 348 шақырым. Туристік маңызы жоғары аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстар демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.



