Басты жаңалық

Теміржолдағы тың серпін – Абай облысында

Абай облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгін Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш ауылдарының теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беріліп, республика бойынша алғаш болып ашылған нысандар қатарынан орын алды.

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өкілдері қатысты.

Жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған. Бағдарлама бойынша республика көлемінде 124 теміржол вокзалын жаңарту көзделген.

Тарихы терең екі вокзал да заманауи талаптарға сай қайта жаңартылды. 1929 жылы салынған Ауыл станциясының және 1914 жылы бой көтерген Белағаш вокзалының аумағы кеңейтіліп, ғимараттардың шатыры толық ауыстырылды. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер жаңартылды. Сонымен қатар перрондар жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды.

Жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Вокзалдарда ана мен бала бөлмелері, арнайы санитарлық тораптар, пандустар мен тактильді бағыттаушы элементтер орнатылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл жобалардың өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы көлік-логистика әлеуетін арттыру және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осы тапсырмалар аясында облыста 10 теміржол вокзалын жаңғырту қолға алынды. Бүгін екі вокзалды пайдалануға беріп отырмыз. Қалған нысандар да белгіленген мерзімде аяқталып, халық игілігіне қызмет етеді, – деді аймақ басшысы.


Өз кезегінде Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Абай облысындағы екі вокзалдың республика бойынша алғаш болып пайдалануға берілгенін атап өтіп, бұл жұмыстардың көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта облыста Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобалар толық аяқталғаннан кейін өңір тұрғындары мен қонақтары үшін сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік артады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button