Аймақ тынысы

Арқа мен Шығысты жалғаған Дегелең

Ескі станциядан заманауи логистикалық хабқа дейін

Шойын жол – кез келген өңірдің күретамыры, ал вокзал – соның соғатын жүрегі әрі келбеті. Кезінде салынған тар, әбден тозығы жеткен ескі ғимараттармен елді мекендердің дамуын елестету мүмкін емес еді. Бүгін Абай облысы сол ескі сүрлеуден толықтай арылып, заманауи инфрақұрылым дәуіріне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» компаниясы қолға алған республикалық жаңғырту бағдарламасы Абай өңірінде нақты нәтижесін бере бастады. Соның жарқын айғағы – Курчатов қаласындағы Дегелең теміржол вокзалының түбегейлі жаңарып, қайта пайдалануға берілуі.

1957 жылы іргесі қаланып, алпыс жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмей тозған ғимарат енді тарих еншісіне кетті. Жаңадан бой көтерген Дегелең вокзалының аумағы бұрынғы 85 шаршы метрден бірден 300 шаршы метрге дейін ұлғайып, ауқымы үш еседен астам кеңейді. Ғимараттың ішкі кеңістігі толық қайта жобаланып, жолаушыларға арналған күту залдары мен қызмет көрсету нүктелері халықаралық стандарттарға сай жабдықталды. Перрондар ұзартылып, ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына барлық жағдай жасалды. Бүгінде осы жүйеде 190 адам тұрақты еңбек етіп, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Берік Уәли бұл оқиғаның тек бір станцияның ашылуы емес, облыстағы ауқымды реформалардың бастау нүктесі екенін кесіп айтты. Өңір басшысы өз сөзінде Президент жүктеген міндеттерді орындау аясында облыста жалпы 10 вокзал жаңартылатынын жеткізді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік және логистика саласының әлеуетін арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Абай облысында 10 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын. Маусым айында елімізде алғаш болып облысымыздағы екі вокзал, яғни, Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станциялары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жақын күндері Мақаншы ауданында Жалаңашкөл, Жарма ауданында Шар, Жарма, Үшбиік станцияларының жаңартылған теміржол вокзалдарын ашамыз. Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Аталған жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жолаушыларға барынша қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру. Бүгін ашылып отырған Дегелең вокзалы – осы ауқымды жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі. Бұл вокзалдың бұрын тар, ескі болғанын білесіздер. Қазір аумағы кеңейтіліп, перрондары ұзартылып, ғимарат толық бұзылып, қайта салынып, жаңа кейіпке енді. Жаңадан салынған вокзал Курчатов қаласының тұрғындарына және осы өңір арқылы қатынайтын жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететін маңызды нысанға айналады деп сенемін».

Жылдар бойы қолайсыздыққа төзіп келген теміржолшылар мен жергілікті тұрғындар үшін бұл күн шынайы қуанышқа айналды. «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ вокзал шаруашылық дирекциясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Әзімханов 1957 жылғы ғимараттың тозығы жеткенін тілге тиек етіп, Үкімет пен облыс әкімдігінің арқасында нысанның адам танымастай өзгергенін атап өтті. Жақын арада бұл станция «Магистральдық желі» кәсіпорнының Семей бөлімшесіне толықтай пайдалануға беріледі.

Дегелең станциясы – жай ғана аялдама емес, ол «Өскемен-Астана», «Семей-Астана», «Алматы-Павлодар» және «Семей-Ақтау» сияқты стратегиялық маңызы бар магистральдардың түйіскен жері. Сондықтан бұл вокзалдың жаңаруы Курчатов қаласын кешенді дамытудың үлкен жоспарымен тікелей сабақтасып жатыр.
Бүгінде Курчатов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғылым қалашығы ретінде қайта түлеп келеді. Қалада жылдар бойы иесіз жатқан баспаналар қалпына келтіріліп, көшелер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Жақында осындай қайта жаңғыртылған Школьная көшесіндегі үйден әлеуметтік осал санаттағы 30 отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Бұдан бөлек, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, Жастар орталығы ашылып, №2 мектеп пен қалалық аурухана заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. Ал өңірдің энергетикалық тәуелсіздігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыратын қуаты 700 мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы – ғылым қалашығының болашағы зор екенінің анық дәлелі.

Дегелеңдегі жаңа вокзал – жай ғана ғимарат емес, ол Абай облысының қарқынды дамуының, жаңаруының және ел игілігіне бағытталған нақты істердің көрінісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button