Деструктивті контентті таратуды алдын алудағы цифрлық жауапкершілік

Қазір ақпарат санаулы секундта мыңдаған адамға тарайды. Әлеуметтік желі қолданушысының әр әрекеті – үлкен жауапкершілік. Кейде ойланбай бөліскен бір сілтеме немесе бейнеролик деструктивті идеялардың кең таралуына себеп болуы мүмкін.
Радикалды контент көбіне діни ұрандармен, эмоцияға құрылған үндеулермен немесе «тек біз ғана ақиқаттамыз» деген мазмұнмен ерекшеленеді. Мұндай материалдар адамдарды қоғамнан оқшаулауға, өзге көзқарасты жоққа шығаруға және алауыздық тудыруға бағытталуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, жалған ақпараттың таралуына көбіне оны әдейі жасағандар емес, тексермей бөліскен қарапайым қолданушылар себеп болады. Сондықтан кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның дереккөзіне назар аударып, мазмұнын сын көзбен бағалау маңызды.
Қазақстан заңнамасында интернет арқылы заңсыз контентті тарату үшін де жауапкершілік көзделген. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тыйым салынған, экстремизмді немесе терроризмді насихаттайтын материалдарды дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау немесе тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан әлеуметтік желіде немесе мессенджерде күмәнді аудио, видео, мәтін не сілтемені қайта жарияламас бұрын оның мазмұны мен заңдылығына көз жеткізу маңызды. «Мен тек бөлісіп жібердім» деген уәж жауапкершіліктен босатпайды.
Цифрлық жауапкершілік интернетте мәдениетті қарым-қатынас жасау ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне үлес қосу. Ақпаратты тексеру, күмәнді контентті таратпау және ресми дереккөздерге сүйенген жөн.



