Заң
9 жастағы баланың «пранкі» полицияны әбігерге салды

Абай облысының Мақаншы ауданында 9 жастағы оқушы мектептен кейін үйіне келіп, ата-анасына айтпастан ауладағы шаруашылық құрылысына тығылып қалған.
Анасы баласын кешке дейін таба алмаған соң, полицияға хабарласқан. Полицейлер іздеу жұмыстарын бастап, 10 минут ішінде баланы өз ауласынан тапты.
Белгілі болғандай, оқушы тығылып жатып ұйықтап қалған. Полиция көліктерінің сиренасынан оянған бала тоңып әрі қорқып қалған. Кейін ата-анасына бұл әрекетін «пранк» ретінде жасағанын айтқан.
Полиция ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, олардың қайда жүргенін бақылауда ұстауға шақырды.



