Дауыңыз бар ма?

Абай облысы аумағында түрлі деңгейдегі және мамандандырылған соттар жұмыс істейді.
Сот жүйесінің әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Мұнда облыстың негізгі сот мекемелері орналасқан. Төменде әр соттың міндеті мен қай жағдайда жүгінуге болатыны туралы қысқаша ақпарат берілген.
Абай облысының соты (облыстық сот)
Бұл – өңірдегі жоғарғы сот органы. Мұнда аудандық және мамандандырылған соттардың шешімдері қайта қаралады. Егер төменгі соттың шешімімен келіспесеңіз, апелляциялық шағым беру үшін осы сотқа жүгінесіз.
Мекенжайы: Тәңірберген көшесі, 1.
Абай облысы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаменті
Соттардың ұйымдастырушылық және техникалық қызметін қамтамасыз етеді. Егер сот ғимаратының жұмысы, құжат қабылдау тәртібі немесе әкімшілік мәселе бойынша сұрағыңыз болса, осы департаментке хабарласуға болады.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот
Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне байланысты дауларды қарайды. Егер мемлекеттік органның әрекетімен немесе айыппұл, салық, рұқсат қағаздарына байланысты шешімімен келіспесеңіз, осы сотқа жүгінуге болады.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот (ювеналды сот)
Отбасы және бала құқығына қатысты істерді қарайды. Егер бала тәрбиесі, қамқоршылық, алимент, неке бұзу, жасөспірімдердің құқық бұзушылығы сияқты мәселе болса, осы сотқа баруға болады.
Мекенжайы: Мәңгілік Ел көшесі, 26А.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот
Ауыр және аса ауыр қылмыстық істерді қарайды. Егер сіз қылмыстық іс бойынша тарап болсаңыз немесе қылмысқа қатысты істің қаралуына шағымданғыңыз келсе, осы сотқа жүгінесіз.
Мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 22.
Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты
Тұрғындар арасындағы азаматтық дауларды қарайды.Егер мүлік, қарыз, мұра, неке бұзу, еңбек немесе басқа азаматтық мәселе туындаса, осы сотқа өтініш бере аласыз.
Мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 22.
Семей қаласының мамандандырылған тергеу соты
Қылмыстық істер бойынша тергеу барысындағы процестік шешімдерді қарайды. Егер сізге қатысты тергеу амалдарына (тінту, қамауға алу, санкциялау және т.б.) шағым болса, осы сотқа жүгінуге болады.
Мекенжайы: Мелькомбинат көшесі, 1/2.
Семей гарнизонының әскери соты
Әскери қызметшілер мен әскери құрылымдарға қатысты істерді қарайды. Егер сіз әскери қызметші болсаңыз және әскери тәртіп, келісімшарт немесе қызметтік дауға қатысты мәселе туындаса, осы сотқа баруыңыз қажет.
Мекенжайы: Қозбағарова көшесі, 38.
Толық ақпаратты abai.sud.kz, egov.kz сайттарынан немесе 2ГИС пен Яндекс.Карталар сервистерінен біле аласыз.




