МӘМС кеңейеді: сақтандыру аясында ем алу енді оңай

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтерді жоспарлы түрде, қосымша ақысыз ала алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты.
Өңір халқы 596 646 адамды құрайды. Қазіргі таңда 499 мыңға жуық тұрғын немесе халықтың 84 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 355 мыңнан астамы жеңілдік санатына жатады, ал 15,9 мың адам жарналарды өз бетінше төлейді.
Жаңа жылдан бастап сақтандыру пакеті кеңейіп, қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы сияқты созылмалы аурулар МӘМС аясында толық қамтылады. Науқастар дәрігер кеңесін, қажетті тексерулерді, дәрі-дәрмек пен емді тегін алады.
Сонымен қатар диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және бүйрек трансплантациясы да сақтандыру пакетіне енгізіледі.
Ауыл тұрғындары үшін жүйе толық қолжетімді. Жеңілдік санатындағы азаматтардың жарналарын мемлекет төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, қымбат медициналық көмекті пайдалана алады.



