Басты жаңалық

Биржалық саудаға жаңа талаптар: мемлекет бақылауды күшейтті

Қазақстанда биржалық сауданы реттеу тетіктері қайта қаралды. Жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, тауар биржалары енді экономиканың маңызды инфрақұрылымдық элементі ретінде қарастырылады.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар — көмір, қант және мұнай өнімдері — жеке сегментке бөлініп, олармен сауда жасау тек арнайы іріктелген биржаларда жүзеге асырылатын болды. Бұл шешім баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында қабылданған.

Сонымен қатар тауар биржалары шағын және микробизнес санатынан шығарылып, қаржылық тұрақтылық пен корпоративтік басқаруға қойылатын талаптар күшейтілді. Мемлекеттік сатып алуды биржалық тетіктер арқылы айналып өтуге заң жүзінде тыйым салынды.

Манипуляцияға қарсы шаралар да күшейтілді. Биржалық саудада бот-технологияларды қолдануға тыйым салынып, жосықсыз қатысушылардың бірыңғай тізілімі енгізілді. Бұл баға қалыптастырудың ашықтығын арттыруға бағытталған.

2026 жылдың қаңтарынан бастап брокерлер мен клирингтік орталықтар міндетті лицензиялаудан өтеді және қаржылық мониторинг субъектілеріне айналады.

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды сатып алу «E-Tizilim» ақпараттық жүйесіне көшірілді. Бұл жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттырып, отандық өнімнің шығу тегін нақты есепке алуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, қабылданған өзгерістер биржалық сауданы жүйелеуге, нарықтағы тәртіпті күшейтуге және әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button