Заң

Мемлекеттік қызметшілердің құқығы заңмен қорғалады

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекті және денсаулықты қорғауға, қауіпсіз әрі тиімді еңбек жағдайына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.

Бұл бағыттағы негізгі жұмысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырады. Оның аумақтық бөлімшелері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қорғап, қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.

Өткен жылы Департамент 451 мемлекеттік қызметшінің құқықтарын қалпына келтірді. Талдау нәтижесі бойынша бұзушылықтардың басым бөлігі іссапар шығындары мен еңбек демалысы төлемдерін уақытылы өтемеуге байланысты болған. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге жуық іссапар шығындары өтелді. Сонымен қатар, жыл сайынғы еңбек демалысына төлемді кешіктіру деректері анықталып, қызметкерлердің пайдасына 267 195 теңгеден астам өсімпұл өндірілді.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау жұмысының нақты мысалы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Семей қалалық аумақтық инспекциясы қызметкерінің шағымы. 2025 жылғы желтоқсанда келіп түскен шағым негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 29.12.2015 жылғы №152 Жарлығымен бекітілген тәртіптік жаза қолдану қағидаларының бұзылғаны анықталды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіден жазбаша түсіндірме талап етілмеген, қызметтік тергеп-тексеру тағайындалмаған, тәртіптік теріс қылықтың кінәсі толық дәлелденбеген және тәртіптік комиссия төрағасы дауыс беру рәсіміне қатыспаған. Осы мән-жайларды ескере отырып, Департамент Инспекцияға бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізіп, қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күші жойылды.

Мұндай жұмыстар мемлекеттік қызмет жүйесінде заң үстемдігін, әділдік пен ашықтық қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын, Әдеп кодексін сақтап, қызметін адал әрі жауапкершілікпен атқаруы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button