Басты жаңалық
Астана – Семей пойызында «Цифрлық вагон» іске қосылды

Наурыз мерекесі күндері Астана – Семей бағыты бойынша «Цифрлық вагон» пилоттық жобасы іске қосылып, жолаушыларға Starlink спутниктік интернеті ұсыныла бастады.
Қазір жоба пойыз құрамындағы екі вагонды қамтиды. Жолаушылар жол бойы интернетке қосылып, фильмдер мен сериалдар көре алады, электронды және аудиокітаптар оқып, ойын ойнап, түрлі пайдалы сервистерді пайдалана алады.
Интернетке қосылу үшін вагондағы QR-кодты сканерлеп, телефон нөмірін енгізіп, SMS арқылы растау жеткілікті.
Барлық цифрлық қызметтер жолаушылар үшін тегін ұсынылады.
Жоба теміржолдағы қызмет сапасын арттырып, жолаушыларға ыңғайлы цифрлық орта қалыптастыруды көздейді. Пилоттық кезең нәтижесіне қарай «Цифрлық вагонды» кеңейту жоспарланып отыр.



