Үржарда өнер оты жанды

Үржар ауданында сахна нағыз өнер алаңына айналды. «Абай елі – өнер кеніші» байқауының іріктеу кезеңінде жергілікті өнерпаздар өз талантын паш етіп, көрерменге ұлттық рухқа толы әсерлі кеш сыйлады.
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі байқау өңір-өңірді аралап, үздіктерді анықтауды жалғастыруда. Бұл жолы өнер керуені Үржар ауданына табан тіреді.

20 сәуір күні аудандық Мәдениет үйінде өткен іріктеу кезеңінде қатысушылар арнайы дайындалған концерттік бағдарламаларын ұсынып, ән, би, театрландырылған қойылымдар арқылы ұлттық өнердің сан қырын көрсетті. Әрбір ұжым өз өңірінің мәдени ерекшелігін танытуға тырысып, сахнада барын салды.
Өнер додасына республикалық және халықаралық деңгейде танымал мәдениет қайраткерлері мен тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы әділ бағасын берді.

Байқаудың басты мақсаты – ұлттық өнерді жаңғырту, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету және олардың әлеуетін кеңінен таныту.

Қазылар шешімімен үздік деп танылған ұжымдар облыс орталығында өтетін гала-концертке жолдама алып, енді басты сахнада бақ сынайды.



