Басты жаңалық

Бейжіңді бағындырған Семей робототехниктері

«Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Азия чемпионатында күміс жүлде алды

Қазақстандық оқушылар робототехника мен инновация саласында әлемдік биіктерді бағындыруды жалғастыруда. 13–16 маусым күндері Қытайдың Бейжің қаласында өткен беделді «2026 FIRST®️ LEGO®️ League Asia Open Championship» халықаралық чемпионатында Семейдегі «Білім-Инновация» лицейінің «SBIL•LION•AIRES» командасы жоғары дайындық пен шеберлік танытып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Әлемдік деңгейдегі ауқымды додаға жер шарының 25 елінен 375 команда және 3500-ге жуық дарынды оқушы қатысып, өзара бақ сынасты. Ел намысын қорғаған Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Абай облыстарынан барған 20-ға жуық құраманың ішінен Семей өрендері суырылып шығып, ел қоржынына кезекті күміс жүлдені салды.

Бұл жетістік – Семей оқушыларының халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі емес. 2024 жылы «Sapa Semey Alumni» түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған жас инженерлер құрамасы бұған дейін Сингапурда ұйымдастырылған халықаралық сайыста да жүлделі екінші орыннан көрінген болатын. Жылдан жылға шеберліктерін шыңдаған оқушылар бұл жолы да жоғары бәсекелестікке толы додада өздерінің интеллектуалдық әлеуеті мен техникалық білімін дәлелдеп шықты.

Азия біріншілігінде бақ сынаған команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалин халықаралық додадағы жүлденің отандық робототехниканы дамытудағы маңызына тоқталды:

«Биылғы чемпионатта өте сәтті өнер көрсеттік. Бұған дейінгі жарыстарда жинаған тәжірибеміз командалық жұмысымызды жетілдіріп, өзара түсіністігімізді нығайтуға көмектесті. Бейжіңдегі сайыста бірлескен жұмыстың арқасында жүлделі екінші орынға қол жеткіздік», – деді жас өрен.

Шаршы алаңда өзге елдердің үздік мектептерімен тең дәрежеде бәсекелесіп, ел беделін асқақтатқан семейлік жастардың бұл жеңісі – аймақтағы білім беру сапасының артып, отандық робототехника саласының жаңа белеске көтерілгенінің айқын дәлелі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button