Облыс әкімі Берік Уәли Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді

Бүгін Абай облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқаны өтіп жатыр. Аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы Семей медицина университетінің ғимаратында орналасқан №93 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Дауыс беру барысында өңір басшысы аталған саяси шараның мемлекеттік маңызына тоқталып, тұрғындардың белсенділігіне сенім білдірді.
«Бүгін – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды күн. Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың өз таңдауын білдіріп, ел болашағына қатысты шешімдер қабылдауға қатысуының маңызды мүмкіндігі. Абай облысында дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалды. Ең бастысы – сайлау үдерісінің ашық, заң талаптарына сай әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету. Өңір тұрғындары елдік мәселелерге әрдайым жауапкершілікпен қарайды. Бүгін де жерлестеріміз азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауын жасайды деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Өңірдегі сайлау науқанының инфрақұрылымы мен көрсеткіштері:
Сайлаушылар саны: Абай облысы бойынша тізімге 402 408 азамат енгізілген.
Сайлау учаскелері: Өңірде жалпы 464 учаске (429-ы ашық, 35-і жабық) жұмыс істеп тұр.
Комиссия құрамы: Науқанды өткізуге 477 сайлау комиссиясы (1 облыстық, 12 аумақтық, 464 учаскелік) тартылған. Арнайы тәжірибесі бар 3 261 комиссия мүшесі жұмылдырылды.
Барлық учаскелер қажетті материалдық-техникалық инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау ерекше бақылауға алынған: 458 учаске ғимараттардың бірінші қабатында орналасса, 429 ашық учаске пандустармен, ал 397-сі тактильді көрсеткіштермен қамтамасыз етілген.



