Денсаулық

Абайлаңыз, тұмау маусымы жақындап келеді

Абай облысында ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен алдағы 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға байланысты өңірде алдын алу шаралары күшейтіледі.

Өткен эпидемиологиялық маусымда облыста 166 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді. Оның 99 934-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 64 жағдайы расталды.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Қазақстанда тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталады. Абай облысына жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Гриппол плюс» вакцинасының 65 мың дозасын жеткізу жоспарланған.

Тұмауға қарсы екпе ең алдымен тәуекел топтарына жататын азаматтарға тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарда тегін жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, балалар, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар және басқа да азаматтар бар.

Мамандардың айтуынша, екпеден кейін ағзада қорғаныс антиденелері 8–12 күн ішінде қалыптасады және қорғаныс әсері 12 айға дейін сақталады.

Вакцинадан бөлек, күнделікті қарапайым сақтық шаралары да маңызды. Адам көп жиналатын орындарда қажет болған жағдайда бетперде тағу, қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені желдету, дұрыс тамақтану және күн тәртібін сақтау қажет. Ауру белгілері байқалған кезде басқа адамдармен байланысты шектеген жөн.

Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік байқалса, өздігінен ем қабылдамай, тұрғылықты жер бойынша емханаға немесе медициналық ұйымның сүзгі кабинетіне жүгіну керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button