Тұмаудан қорғанудың ең қарапайым жолдары

Күз бен қыс келсе, жөтел, тұмау, қызу сияқты белгілер жиілейді. Әсіресе балалар арасында ЖРВИ кең таралып жатыр. Дәрігерлер «ауруды жеңіл қабылдамаңыз» деп ескертеді, өйткені дұрыс ем таңдалмаса, жағдай күрделеніп кетуі мүмкін.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 4 миллионға жуық ЖРВИ және 2 мыңдай тұмау жағдайы тіркеледі. Мамандардың айтуынша, тұмау биыл ертерек басталды. Өткен жылы алғашқы жағдайлар қарашада тіркелсе, биыл қазанның басынан-ақ байқалған. Соған қарамастан, ақ халаттылар жағдайды қалыпты маусымдық кезең деп бағалап отыр.
Балаңызда қызу көтеріліп, жөтел пайда болса, бірден дәрігерге барыңыз. Өзіңіз антибиотик бермеңіз. Вирусқа антибиотик әсер етпейді, керісінше баланың ағзасына зиян келтіруі мүмкін. Вакцина алу — ең тиімді жол. Одан бөлек қарапайым сақтық шараларын білген абзал. Қолды жиі жуу, бөлмені желдету, көп адам жиналған жерге бармау, дұрыс тамақтану мен ұйықтау және қажет болса маска тағу.
Тұмау — «әдеттегі маусымдық ауру» болғанымен, оны дер кезінде емдемеу асқынуға әкелуі мүмкін. Әрбір белгіні елеусіз қалдырмай, жауапкершілікті бірге күшейтсек, тұмау маусымын да жеңіл өткізуге болады.



