Заң

Алаяқтардың жаңа айласы

Соңғы уақытта елімізде егде жастағы азаматтарды алдауға бағытталған интернет және телефон алаяқтығы жиілеп отыр. Қаскөйлер өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе коммуналдық қызмет өкілдері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденуге тырысады.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар көбіне «қауіпсіз шотқа ақша аудару», «банк жүйесін жаңарту» немесе «туысыңыз қиын жағдайға тап болды» деген сылтауларды пайдаланады. Сондай-ақ олар жалған сілтемелер жіберіп, белгісіз қосымшаларды орнатуды талап етеді. Мұндай бағдарламалар арқылы қаскөйлер банк қосымшаларына және жеке мәліметтерге қол жеткізе алады.

Қазіргі таңда алаяқтар жасанды интеллект технологияларын да қолдана бастаған. Олар жақын адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап, сенімге кіруге әрекет етеді. Осыған байланысты полиция кез келген ақпаратты мұқият тексеруге шақырады.

Мамандар азаматтарға банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және құпиясөздерді ешкімге айтпауға кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және ресми нөмірлер арқылы ғана байланысу маңызды екенін ескертті.

Полиция тұрғындарды егде жастағы туыстарына алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндіріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button